Ресейлік танымал актер Владимир Довжик 58 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды «Человек» театры өзінің «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Владимир Довжик 1998 жылдан бері «Человек» театрында еңбек етіп келген. Ол тек актер ретінде ғана емес, режиссерлік қырынан да танылды. «Приключения бегемотика Бантика» мен «Про Машу» спектакльдерін сахналап, «Искусство» қойылымында басты рөлдердің бірін орындаған.
Театр ұжымы марқұмды жылы лебізбен еске алды.
«Зерделі, жан-жақты, сезімтал актер әрі талантты режиссер Владимир Довжик театрымыздың дамуына елеулі үлес қосты. «Человек» театры Владимир Давидовичтің туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен сан мыңдаған көрерменіне көңіл айтады. Жатқан жері жайлы болсын», – делінген хабарламада.
РБК мәліметіне сәйкес, Довжик кино саласында жүзден аса рөлді сомдаған. Ол «Склифосовский» сериалында нейрохирург Юрий Михайлович Шейнманның бейнесін, «Бригадада» заңгер рөлін, ал Людмила Гурченко туралы фильмде режиссер Ян Фридтің кейіпкерін ойнаған.
Сонымен бірге актер Леонид Парфеновпен бірге түсірілген «Живой Пушкин», «Мосгаз. Дело № 11: Розыгрыш», «Мамочки» сериалдарына және Станислав Говорухиннің «Конец прекрасной эпохи» фильміне қатысқан. Аталған картинада Иван Колесников, Сергей Гармаш және Светлана Ходченкова сынды танымал актерлер ойнаған.