KZNEWS.KZ
Қоғам

“Ауруханада”: Қазақстандық рэпер Тайландтан табылды

• Айжан Сыланова
Фото: tengrinews.kz

Қазақстандық рэпер Дархан Жұмабек, көпшілікке Кисло-Сладкий лақап атымен танымал өнер иесі табылды. Бұл туралы кәсіпкер Салауат Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта рэпер дәрігерлердің бақылауымен ауруханада ем қабылдап жатыр. Жағдайы жақсарғаннан кейін Дарханның өзі көпшілік алдына шығып, болған оқиғаға қатысты түсініктеме береді деп күтілуде.

«Ең бастысы – адам аман-есен табылды. Іздеуге атсалысқан, алаңдаған барша жанға рақмет», – деп жазды Салауат.

Сондай-ақ ол жұртшылықты расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек сенімді дереккөздерге жүгінуге шақырды.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде Кисло-Сладкийдің Таиландта жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Жақындары оның байланысқа шықпай қалғанын хабарлаған. Кейін рэпердің Пхукеттен Бангкокке жетпегені және телефондарының өшіп тұрғаны белгілі болған еді.

Қазір оның нақты қандай жағдайда табылғаны әзірге жарияланған жоқ. Алайда жақындары мен жанкүйерлері өнер иесінің аман-есен табылғанына қуанып отыр.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →