Әлем

Ауғанстанда жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 800-ден асты

Ауғанстанда жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 800-ден асты
Фото: Tolo News

1 қыркүйекке қараған түні тіркелген апаттан 812 адам көз жұмып, 2 800-ден астам тұрғын түрлі жарақат алды. DW мәліметінше, Ауғанстан Ішкі істер министрлігі зардап шеккендердің жалпы саны 3 мыңнан асқанын хабарлаған.

Жер сілкінісі әсіресе Пәкістанмен шекаралас Кунар мен Нангархар провинцияларында қатты сезілген. Талибандар әкімшілігінің ресми өкілі Забихулла Муджахидтің сөзінше, қаза болғандардың басым бөлігі осы өңірдің тұрғындары.

Ауғанстан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Шарафат Заман Reuters агенттігіне берген сұхбатында:

«Мұнда көптеген адам өз өмірін қиды, үйлерін жоғалтты. Бізге халықаралық көмек қажет», – деді.

12:45-те жарияланған соңғы ресми дерекке сәйкес, қаза тапқандар саны 800-ден асып, жараланғандар 2 500 адамға жеткен. Бұл туралы үкіметтің ресми өкілі Забихулла Муджахид RTA телеарнасына берген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір жергілікті билік пен тұрғындар зардап шеккендерді құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар орталықтан және көрші провинциялардан арнайы құтқарушы топтар апат аймағына аттанған.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz