Ауғанстанда жаңбыр мен қалың қар жауып, салдарынан кем дегенде 61 адам көз жұмды, жүздеген адам зардап шекті, деп хабарлайды kznews.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің хабарлауынша, Ауғанстанда сәрсенбі-бейсенбіде қалың қар мен жаңбырдың салдарынан кем дегенде 61 адам қаза тауып, 110 адам зардап шекті. Бұл туралы елдің Апаттарды басқару ұлттық басқармасының өкілдері мәлім еткен.
Ведомство өкілдері ауа райының қолайсыздығынан 458 үй толық немесе ішінара зақымданғанын айтады.
Мәліметке сүйенсек, табиғи апаттан зардап шеккендер мен көз жұмғандар саны бойынша әзірге тек алдын ала мәлімет берілген және бұл сандар өзгеруі мүмкін. Кейбір аймақтарда мамандар әлі жағдайға бағалау жүргізіп жатыр.
Соңғы үш күнде Ауғанстанның көп бөлігінде қалың қар жауып, күн суытқан. Соның салдарынан Кабулды кей провинциялармен байланыстыратын бірнеше маңызды жол жабылды.