АҚШ-та Boeing 767 ұшағы қону кезінде жарық бағанына және тас жолмен өтіп бара жатқан жүк көлігіне тиіп кеткен. Оқиғадан кейін United Airlines ішкі тексеріс бастаған, ал тергеуге Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі де қосылды, деп хабарлайды kznews.kz.
CNN мәліметінше, оқиға Ньюарк Либерти әуежайы маңында болған. Ұшақ қонуға бет алған сәтте Нью-Джерси штатындағы автожолдың жанындағы нысандарға тиіп кеткен.
Flightradar24 дерегіне сәйкес, Boeing 767 Венециядан ұшып келген. Қону кезінде лайнердің жылдамдығы сағатына 250 шақырымнан асқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақтың шассиі жол жиегіндегі жарық бағанын және тас жолда келе жатқан жүк көлігін іліп кеткен.
Бортта 200-ден астам жолаушы мен 10 экипаж мүшесі болған. Абырой болғанда, олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Жүк көлігін Уоррен Бордли басқарған. Ол әуежайға нан өнімдерін жеткізіп бара жатқан. Бейнежазбадан ұшақтың жол үстімен өте төмен ұшып өткені, кейін шассиі жүк көлігіне соғылғаны көрінеді. Соққыдан көлік шайқалып, әйнектері сынған.
Соған қарамастан жүргізуші тек қолынан жеңіл жарақат алған. Ол көлікті өз бетінше тоқтатып, кейін дәрігерлердің тексеруінен өткен соң үйіне жіберілген.