Кингстон – Нью-Йорк бағыты бойынша ұшып келе жатқан әуе рейсінде қуанышты оқиға орын алды — жүкті жолаушы әйелдің толғағы ұшақ ішінде басталып, сәби жерге қонғанға дейін дүниеге келген, деп хабарлайды kznews.kz Газета.ru-ға сілтеме жасап.
Бұл жағдай 4 сәуір күні Caribbean Airlines әуе компаниясының 005 рейсінде болған. Ұшу барысында капитан шұғыл жағдай туралы хабарлап, жедел қонуға рұқсат сұраған. «Бортта жүкті жолаушы бар, ол дәл қазір босанып жатыр», — деп мәлімдеген ұшқыш диспетчерлерге.
Әуежай қызметтері дереу жұмылдырылып, ана мен балаға қажетті көмекті көрсету үшін дайындық жүргізілген. Ұшақ қонғаннан кейін диспетчерлердің бірі радиобайланыс арқылы «қондыңыздар ма, сәби дүниеге келді ме?» деп сұраған. Ұшқыш «иә» деп жауап берген соң, диспетчер әзіл ретінде: «Оған баланың атын Кеннеди деп қоюды айтыңыздар», — деген.
Қонғаннан кейін ана мен жаңа туған нәрестеге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін олар Куинс ауданындағы ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда олардың жағдайы туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ. Сондай-ақ сәбиге әуежай атауына байланысты ұсынылған есім берілді ме, жоқ па — бұл да белгісіз.