Атырау облысының Томарлы ауылындағы үйлердің бірінде отбасылық жанжал болды, деп хабарлайды kznews.kz.
"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, 56 жастағы ауыл тұрғыны туған ұлының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген айыппен сот алдына келді.
Іс материалдарына сәйкес, 11 сәуір күні кешке әкесі мен баласы бірге алкоголь ішкен. Кейін олардың арасында жанжал шыққан.
Тергеу нұсқасы бойынша, ұлы ұйықтап жатқан әкесіне бірінші болып шабуыл жасап, оны тұншықтыра бастаған. Ер адам оның қолынан босап шығып, асүйден пышақ алып, баласына бірнеше рет соққы жасаған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің ішіне бір рет, арқасына бес рет пышақ сұғылған. Салдарынан оның бауыры, ішегі және қабырғалары зақымданған. Бұл жарақаттар денсаулыққа ауыр зиян келтіру ретінде бағаланды.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады. Ол оқиғадан кейін ұлымен татуласқанын айтып, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Жәбірленуші де жанжалды бірінші болып бастағанын растады. Сондай-ақ ол соттан әкесіне жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Жаза белгілеу кезінде сот айыпталушының өкінгенін, тараптардың татуласқанын және жанжалға жәбірленушінің заңға қайшы әрекеті себеп болғанын ескерді. Ал ер адамның алкогольдік масаң күйде болуы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Нәтижесінде сот ер адамды үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, пробациялық бақылау белгіледі. Үкім жарияланғаннан кейін ол сот залында қамаудан босатылды.