Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Серік Шәпкеновті алмастырды, деп хабарлайды kznews.kz.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Оралұлы Ақшолақов Атырау облысының әкімі лауазымына тағайындалды", – делінген Ақорда таратқан ресми хабарламада.
Болат Ақшолақов 1971 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін мұнай-газ өнеркәсібі саласында кәсіби білімін жетілдірген.
Еңбек жолын 1990 жылдардың басында банк секторында бастаған. Кейін мұнай-газ саласындағы ірі кәсіпорындарда және мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметтер атқарды.
Әр жылдары "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясында, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында және Энергетика министрлігінде жауапты лауазымдарда еңбек еткен.
2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның энергетика министрі болып тағайындалды. Ал 2023 жылдан 2025 жылғы ақпанға дейін Қазақстан Президентінің кеңесшісі қызметін атқарды.
2025 жылғы ақпаннан бастап KAZENERGY қауымдастығын басқарды. Кейін Қазақстан инвесторлары қауымдастығының басшылығына келгені хабарланған.
Мемлекеттік қызмет пен мұнай-газ саласына қосқан үлесі үшін Болат Ақшолақов «Құрмет» орденімен марапатталған.
Әкесі белгілі геолог болған
Болат Ақшолақовтың әкесі Орал Ақшолақов Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына үлес қосқан белгілі геолог әрі ғалым болған.
Ол еліміздегі ірі мұнай және газ кен орындарын зерттеу мен игеру жұмыстарына қатысқан. Орал Ақшолақов 2023 жылы дүниеден өтті.
Бұқаралық ақпарат құралдарында Болат Ақшолақовтың анасы Шығыс Қазақстан өңіріне белгілі Чайжунусовтар әулетінен шыққаны туралы да ақпарат тараған.
Осылайша, мұнай-газ саласында ұзақ жыл тәжірибе жинаған Болат Ақшолақов елдің негізгі мұнай өндіруші аймақтарының бірі – Атырау облысын басқаратын болды.