Атырауда үй ауласындағы сарайдан мәйіті табылған зейнеткер ерлі-зайыптыға қатысты полиция тың дерек жариялады. Марқұмдардың денесінде шаншып-кесілген жарақат белгілері бар екені айтылды, деп хабарлайды kznews.kz Stan.kz-ға сілтеме жасап.
Оқиға төңірегінде әлеуметтік желіде түрлі болжамдар көбейіп, «зейнеткерлерді тұншықтырып өлтірген болуы мүмкін» деген сөз тараған. Алайда Атырау облыстық полиция департаменті бұл мәліметтің әзірге ресми түрде расталмағанын жеткізді. Полицияның айтуынша, нақты себеп тек сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет марқұмдардың денесінде пышақпен салынған жарақат іздері тіркелгенін мәлімдеді.
“Ресми мәліметке сәйкес, марқұмдардың денелерінде пышақпен салынған жарақат іздері бар, яғни шаншып-кесілген дене жарақаттары тіркелген. Полиция мәйіттерді сот-медициналық сараптамаға тапсырды. Қазір сарапшылардың қорытындысын күтіп отырмыз. Өлімнің нақты себебін мамандар анықтайды. Сот-медициналық сараптаманың өзіне тән мерзімдері мен рәсімдері бар”, – деп мәлімдеді ол.
Ресми мәліметке сай, іс аясында екі адамға халықаралық іздеу жарияланған. Ерлі-зайыптының қызына «сары бюллетень» бойынша, яғни із-түссіз жоғалу фактісімен іздеу салынса, оның күйеуі күдікті ретінде іздестіріліп жатыр. Құқық қорғау органдары олардың қайда жүргенін анықтап, полицияға жеткізу бағытында шаралар жүргізіп жатқанын айтты.
Сонымен бірге іздеудегі адамдардың SIM-карталары Қазақстанның әртүрлі қалаларында тіркеліп, қолданылғаны туралы ақпарат шықты. Бұған қоса, 35 жастағы Мейрамгүл Қарабалина мен 32 жастағы Наурыз Мұқанғалиев те әлі табылмағаны айтылады. Мейрамгүл Қарабалина соңғы рет Атырау қаласында бейнебақылау камерасына түскен, бірақ тергеу мүддесіне байланысты нақты деректер жарияланбайды.
Полиция жұртшылықты тек ресми ақпаратқа сүйенуге және тексерілмеген мәлімет таратпауға шақырды. Еске салайық, бұған дейін Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі 2025 жылдың күзінде із-түссіз жоғалғаны хабарланған еді. Іздеуде болғандар ретінде 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиева, 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина және 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев аталған.