KZNews.kz
Жаңалықтар

Атырау облысында жоғалып кеткен ерлі-зайыптылардың мәйіті қалай табылды?

Қайсар Қанат
Arasha.kz коллажы

Атырау облысының Жангелдин ауылында ерлі-зайыптының қаза табуы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Qazaq Airan жобасының тілшісі оқиға орнына барып, марқұмдардың жақындарымен тілдесті, деп хабарлайды kznews.kz.

Қаза тапқан Мақсот Қарабалиннің туған бауыры Шалқар Мұқанғалиев мәйіттердің қалай табылғанын егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, үй мен шаруашылық құрылыстарын тексеру Алматы мен Астанадан келген құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп жүргізілген. Іздеу жұмыстары түнгі сағат үшке дейін жалғасып, кейін үй мөрленген. Ал келесі күні тексеріс қайта басталған.

"Біз сарайды тағы бір рет түгел қарап шықтық. Киімдердің қалталарын, мүмкін болатын айғақтарды тексердік. Іздеуге мен, әпкем Фаризат, туыстарымыз Қанат пен Мұрат, бірнеше ауыл тұрғыны және бір әскери қызметкер қатысты. Сол кезде ауыл ақсақалдарының бірі диванның астын қарауды ұсынды", – дейді ол.

Диван көтерілген кезде астынан кілем мен линолеум шыққан. Ал олардың астындағы бұрын бетон құйылуы тиіс аумақтың жұмсақ әрі қопсығаны күдік тудырып, сол жерді қазу туралы шешім қабылданған.

"Біраз уақыттан кейін бізді сыртқа шығарып, әрі қарай арнайы топ жұмыс істейтінін айтты. Бір метрден астам қазған соң адам денесінің белгілері көрінді. Мені ішке шақырды, сол кезде өз қолыммен ағамның мәйітін алып шықтым", – дейді Шалқар Мұқанғалиев.

Оның сөзінше, марқұм үй киімінде болған, аяғында шұлығы бар. Ал оның астынан жұбайының мәйіті табылған. Ауыр иіске байланысты екінші денені өзі шығара алмаған, оған ауылдың жас жігіттерінің бірі көмектескен.

"Алдымен жеңгемді, үстіне ағамды қойған. Екеуін бірге жерледі", – деп қосты ол.

Киімдерінде қан іздері болған-болмағаны жөніндегі сұраққа Шалқар Мұқанғалиев қатты күйзеліс пен мәйіттердің ұзақ уақыт топырақ астында жатуына байланысты нақты байқай алмағанын айтты. Алайда әйел адамның үй халатында болғанын растады.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары