Атырау облысына қарасты Жангелдин ауылынан жоғалған тұрғындар ісі бойынша іздеу және тергеу шаралары тоқтаған жоқ. Қазіргі уақытта жұмыстар күдікті бұрын тұрған Геолог ықшамауданында жүргізілуде, деп kznews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Наурыз бен Мирамгүлді іздеу бес күннен астам уақыттан бері жалғасып келеді. Аталған аумақта полиция мен Ұлттық ұланның шектеулі күші жұмылдырылған, жылжымалы штаб құрылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұған дейін ауқымды іздестіру шаралары атқарылғанына қарамастан, тергеу барлық бағытта жалғасуда.
Полиция қызметкерлерінің бірі аты-жөнін жарияламауды сұрап, тергеу барысында барлық нұсқа қарастырылып жатқанын жеткізді. Соның ішінде күдіктінің бұрын тұрған жеріне қатысты болжам да назарда.
Бұл аумақтың тексерілуі бекер емес. «Ақ Жайық» тілшісіне белгілі болғандай, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен жұбайы Ақбаян осы маңнан айына 50 мың теңгеге уақытша баспана жалдап тұрған. Ерлі-зайыпты біраз уақыт сол үйде өмір сүрген. Ықшамаудандағы үйлердің бір бөлігі бос, енді бірі жалға берілген.
Үйдің ішінен тергеу жүргізілгені анық байқалады: бөлмелер толық тексерілген, кей заттар орындарынан қозғалған. Бөлменің ортасында кілем жинаулы тұр. Терезе жақтауларында пломбаны алғаннан кейін қалған қызыл бояудың ізі көрінеді.
Аула мен айналасында бұрын жүргізілген іздестіру жұмыстарының белгілері сақталған. Кей жерлерде қазу іздері, арнайы техниканың ізі байқалады. Бұған дейін жер астындағы нысандарды анықтауға арналған георадар қолданылған. Құрал Орал қаласынан жеткізіліп, аула, маңайдағы жер телімдері мен үй айналасы түгелдей тексерілген.
Ауданның құрылымы біркелкі емес, саяжай аумақтарымен шектеседі. Бейнебақылау камералары өте аз, ал көршілердің камералары бейнежазбаларды 15 күннен артық сақтамайды. Бұл оқиға барысын нақты қалпына келтіруді қиындатып отыр.
Көршілес үйлерде Өзбекстан азаматтары тұрады. Олардың айтуынша, ешқандай күмәнді жағдайды байқамаған. Тергеу барысында ықшамауданның өзге тұрғындары да сұралған, олардың барлығы жанжал, шу немесе оғаш әрекеттерді естімегенін жеткізген.
Көршілер жоғалған отбасын тұйық, көпшілікпен араласа бермейтін адамдар ретінде сипаттайды. Олар сыртқа сирек шығып, айналасындағылармен байланыс орнатпаған.
Іздеу барысында аула мен маңай толық тексерілген: жер қазылған, шөп пен қамыс шабылған. Алайда әзірге нақты нәтиже жоқ. Жұмысты аумақтың далаға жақын орналасуы, теміржолдың болуы, лайлы жер мен ауа райының қолайсыздығы күрделендіріп отыр.
Ресми мәліметке сәйкес, тергеу барлық ықтимал нұсқаларды қарастыруда. Дегенмен жүргізіліп жатқан шаралар жоғалғандардың қаза болуы мүмкін деген болжамға көбірек мән беріліп отырғанын аңғартады.
Іздеу және тергеу жұмыстары жалғасуда.