Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақжан атты ақалтекесі Аустралияның жылқы шаруашылығына арналған Hoofbeats журналының мұқабасына шықты, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналдың жаңа санында «Жарқыраған Ақжан» (Shimmering Aqzhan) атты мақала жарық көрген. Онда Мемлекет басшысының жылқыға деген қызығушылығы мен Ақжанның ұлттық мұраның ерекше нышанына айналғаны сөз болады.
Ақалтеке 2025 жылғы 30 наурызда Астанада туған. Ол Президент Іс басқармасының ат қорасындағы жеті ақалтекенің бірі. Жылқының сирек кездесетін изабелла түсті жүн жамылғысы бар. Мұндай түс ақалтеке тұқымының шамамен 3 пайызында ғана кездеседі. Сәйгүліктің күтімімен арнайы бапкерлер, атбегілер мен ветеринарлар айналысады.
Аустралиялық басылым Ақжанды Қазақстанның байырғы атбегілік дәстүрі мен заманауи дамуының байланысын көрсететін ерекше бейне ретінде сипаттаған.
Hoofbeats журналының 48-том, 3-санында жарияланған мақалада Ақжанның бейнесі арқылы Қазақстанның ұлттық мұрасын сақтай отырып, болашаққа ұмтылған келбеті көрсетілген.