Астанада ІІ дүниежүзілік соғыстың ардагері Рзағұл Байкешев 102 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Елордада майдангерді соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Рзағұл Байкешев 1923 жылғы 18 қарашада Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген.
Ол 17 жасында Қарулы Күштер қатарына шақырылып, майданға аттанған. Соғыс жылдары Ресейдің Калинин облысында, Рыжов және Великий Луг қалалары маңындағы шайқастарға қатысқан.
Сондай-ақ Польша, Румыния және Венгрияны азат ету операцияларына қатысып, ұрыс даласында ефрейтор шеніне дейін көтерілген.
Майдандағы ерлігі үшін Рзағұл Байкешев І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, сондай-ақ "Маршал Г. К. Жуков" медалімен марапатталған.
Рзағұл Байкешев Астана қаласында тұрған ІІ дүниежүзілік соғыстың соңғы ардагері болған.