Астанада бірге тұрған әйелін өлтірді деп айыпталған Ержан Иманқұловқа қатысты сот отырысында күтпеген өзгеріс болды. Істі қараған судья Айжан Құлбаева материалдарды прокурорға кері қайтарып, қосымша сараптамалар жүргізуді тапсырды. Бұл судья бұған дейін Қуандық Бишімбаев ісінен кейін қоғамға кеңінен танылған, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот барысында бұрын жасалған сараптамалардың арасында елеулі қайшылықтар бар екені анықталған. Осы себепті іс қайта тергеуге жіберіліп, жаңа сараптамалар тәуелсіз мамандардың қатысуымен қайта жүргізілетін болды.
Судьяның мәлімдеуінше, қазіргі жағдайда айыпталушыға мәжбүрлі медициналық шара қолдану туралы шешім қабылдауға негіз жеткіліксіз. Себебі іс материалдарында бір-біріне қарама-қайшы қорытындылар кездеседі. Мысалы, алғашқы психиатриялық сараптама оның жағдайы тұрақты екенін және мәжбүрлі емдеуді қажет етпейтінін көрсетсе, кейінгі кешенді тексеріс керісінше, созылмалы психикалық ауытқуы бар деген тұжырым жасаған.
Соған қарамастан, айыпталушыны күшейтілген бақылаудағы психиатриялық стационарда ұстау шарасы өзгеріссіз қалдырылды.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, оны мәжбүрлі емдеуге жіберуді сұраған. Алайда марқұмның туыстары бұл ұсыныспен келіспей, сараптамаларды қайта қарауды талап етті.
Тергеу мәліметіне сәйкес, қайғылы оқиға 2025 жылдың 19 маусымында елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Айыпталушы жанжал барысында әйеліне бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Кейін 25-қабаттан секіріп кеткен. Ол көлік үстіне құлап, тірі қалғанымен, ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.