KZNews.kz
Қоғам

Астанадағы LRT желісі Қосшы қаласына дейін ұзартылмақ

Азамат Қойшығара
ҚазТАГ

Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) желісінің келесі кезеңі Қосшы бағытымен салынады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, күн сайын Қосшыдан елордаға 15-20 мыңға жуық автокөлік кіреді. Бұл жағдай қаланың негізгі көлік артерияларына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр.

«Қосшы – серпінді дамып келе жатқан қала-спутник. Ол Астананың жүктемесін азайтуға айтарлықтай үлес қосып отыр. Сондықтан қалааралық қозғалыс белсенді, келесі кезеңде LRT желісін дәл осы бағытта жалғастырамыз», – деді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, бұл – жобаның екінші кезеңіндегі тармақтардың бірі ғана. Тағы бір бағыт Сығанақ көшесі арқылы Тұран даңғылына, одан әрі қаланың ескі бөлігіне – теміржол вокзалына дейін жүргізіледі. Қосшыға дейінгі желінің бірінші бөлігі шамамен бір жарым жыл ішінде аяқталмақ.

Қаржыландыру мәселесіне қатысты әкім жобаны жүзеге асыру үшін қарыз қаражат тартылуы мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар ол Қосшы бағытына баратын желінің бір бөлігі жер үстімен салынатынын атап өтті.

«Бүгінде таңертеңгі сағат 8 шамасында Қосшыдан қалаға 50 мыңнан астам адам жолға шығады. Бұл Тұран, Қабанбай батыр және Мәңгілік Ел көшелеріне үлкен көлік жүктемесін тудырады», – деп қосты қала басшысы.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары