Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Парад сәттері бейнеленген ресми фотосуреттерді Ақорда жариялады, деп хабарлайды Kznews.kz

Салтанатты шеруге елорданың басты алаңы — «Қазақ елі» алаңы куә болды. Онда еліміздің Қарулы Күштерінің барлық түрінен 4 мыңнан астам әскери қызметкер сап түзеп өтті.

Парадта 200-ден астам әскери техника көрсетілді. Олардың қатарында 66 ұшу құрылғысы да бар.

Көпшілік назарына механикаландырылған колоннаның әсерлі маршы ұсынылды. Алғаш рет зениттік-зымыран кешендері — «Бук» пен «Тор», сондай-ақ доңғалақты жаңа жауынгерлік машиналар: «Барыс», «Алан», «Айбар», «Таймас», «Террекс» пен минасыздандыруға арналған роботты арнайы көліктер көрсетілді.

Аспаннан түсірілген кадрлар әскери-транспорттық A-400 ұшағының, жеңіл жолаушыларға арналған L-410 және патрульдік Bi-300 ұшақтарының ұшу сәтін бейнелейді.

Сонымен қатар парад барысында Қазақстанда жасалған заманауи авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндіктері көрсетілді.