Полиция мәліметінше, екі жас жігіт аллея аумағындағы арт-нысанды және жеті қоқыс жәшігін қасақана бүлдірген.
Елордада Журналистер аллеясындағы мүсіндік композиция мен қоқыс жәшіктерін бүлдірді деген күдікпен екі адам ұсталды, деп хабарлайды kznews.kz
Жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басы анықталып, олар полицияға жеткізілді.
– Полиция елорданың екі тұрғынын – 18 жастағы Денис Суранов пен кәмелетке толмаған Шыңғыс Айтжановты анықтап, ұстады. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасына бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік материал толтырылды, – делінген хабарламада.
Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге заң аясында қатаң шара қолданылатынын атап өтті.
– «Заң және тәртіп» қағидаты баршаға ортақ. Кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, – деп мәлімдеді полиция.