Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Astana Pop Up Store жергілікті брендтердің алғашқы дизайн-фестивалі басталды. Екі күнге созылатын шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 50-ден астам бренд қатысып, авторлық өнімдерін көпшілікке ұсынуда. Фестиваль отандық дизайнерлерді қолдауға және креативті индустрияны дамытуға бағытталған, деп хабарлайды kznews.kz.
Фестиваль Креативті индустрияларды дамыту қоры мен MOST Holding арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асқан алғашқы бірлескен жобалардың бірі саналады.

Іс-шара барысында Қазақстанның әр өңірінен келген 50-ден астам жергілікті бренд авторлық киім-кешек, аксессуарлар, зергерлік бұйымдар, интерьерге арналған заттар, косметика, үйге қажетті тауарлар мен басқа да бірегей өнімдерін таныстырады. Келушілер қазақстандық дизайнерлер мен креаторлардың жұмыстарын тамашалап қана қоймай, оларды сатып алу мүмкіндігіне де ие.
Фестиваль аясында мәдени-ойын-сауық бағдарламасы да ұйымдастырылған. Сахнада Moldanazar, Asiya, Torearyq, Yez және Oeleye өнер көрсетеді. Сонымен қатар диджейлердің музыкалық сеттері, гастрономиялық аймақ, серіктестердің арнайы жобалары, ұтыс ойындары мен түрлі интерактивті шаралар өткізіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana Pop Up Store – жергілікті брендтерді қолдауға, креативті кәсіпкерлікті дамытуға және қазақстандық өнімдерді кеңінен танытуға арналған жаңа алаң. Жоба дизайнерлерге, кәсіпкерлерге және креативті индустрия өкілдеріне өз жұмыстарын көпшілікке ұсынып, жаңа серіктестер тауып, іскерлік байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Дизайн-фестиваль 11-12 шілде күндері сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді. Ұйымдастырушылар елорда тұрғындары мен қонақтарын қазақстандық брендтермен танысып, отандық креаторларға қолдау көрсетуге шақырады.