Астанада жарақат алған адамдарға көмек көрсету кезінде ауыр зардап шеккен фельдшер Ұлдана Мырзуан ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды kznews.kz.
«18 қарашада өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде ауыр жарақат алған фельдшер — әріптесіміз қайтыс болғанын қайғыра айтамыз. Тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі құлаған кезде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсете отырып, өзі де ауыр жарақат алып, өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді», - деп жазды Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.
Оның айтуынша, 8 қарашадан бері дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп, жағдайын тұрақтандыруға бар күшін салған. Алайда, өкінішке қарай, алған ауыр жарақаттары оның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бермеді.
“Бұл – бүкіл медициналық қауымдастық үшін орны толмас қайғы. Ол өз ісіне адал, батыл, жанашыр әрі нағыз кәсіби маман еді. Соңғы сәтіне дейін қызметтік міндетін орындап, адамдарға көмек көрсетуді тоқтатқан жоқ», - деді Әлия Рүстемова.
Басқарма басшысы марқұмның жақындарына көңіл айтты.
Айта кетейік, 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері опырылып түсіп, бес адам зардап шеккен еді. Жарақат алғандар арасында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ұлдана Мырзуана да болған. Ол оқиға орнында зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен.