Астанада Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттеріне заң талаптары, онлайн-алаяқтық пен деструктивті ұйымдардың қаупі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде прокуратура, Сарайшық ауданының полициясы және Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тақырыбында кездесу өтті. Жиынның басты мақсаты – жастарға заң талаптарын еске салып, шынайы өмір мен цифрлық кеңістіктегі жеке жауапкершілікті ұғындыру.
Кездесу барысында мынадай маңызды тақырыптар қозғалды:
- Құқықтық жауапкершілік: Сарайшық ауданының прокуроры Жигули Диас әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті түсіндіріп, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызына тоқталды.
- Киберқылмыс пен алаяқтық: Полиция капитаны Ғалымжан Қалмағамбетов интернеттегі қауіптер мен онлайн-алаяқтық тәсілдерін түсіндірді. Ол әсіресе «дроппер» ұғымына тоқталып, банк карталары мен шоттарын бөтен адамдарға бергені үшін қандай жаза қарастырылатынын жеткізді.
- Діни қауіпсіздік: Дінтанушы Арұлан Қуатов ғаламтордағы радикалды идеялардың таралу қаупін, деструктивті ұйымдарға тартудың белгілерін және экстремистік қызметке қатысқаны үшін берілетін жазаны түсіндірді.
Іс-шара барысында студенттер өздері түсірген интернетке тәуелділік, алаяқтық және есірткі мәселелеріне арналған қысқаметражды фильмдерді көпшілік назарына ұсынды.
Жиын барысында жақында ғана «Триатлон» саябағы маңында суға құлап кеткен екі кәмелетке толмаған қызды аман алып қалған 4-курс студенті Рүстем Жүсіповтің ерлігі ерекше аталып өтті. Оған ректордың атынан арнайы сыйлық табысталды. Бұл оқиға заң мен тәртіптің тек тыйымдардан тұрмайтынын, оның астарында адам өміріне бейжай қарамау мен үлкен жауапкершілік жатқанын нақты дәлелдеп берді.