Астанадағы Dent-Park клиникасында 3 жасар қыздың тісі ұзақ седациямен емделіп, бала анестезиядан оянбай көз жұмған. Қазір осы оқиға бойынша сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Қаралы отбасының адвокаты Руслан Айтжанов медициналық стандарттар сақталмағанын айтады. Оның сөзінше, дәрігерлер барлық тісті бірден емдеуге тырыспағанда, бала аман қалуы мүмкін еді. Марқұмның әкесі Талғат Құмаров қызына 2024 жылдың 30 қазанында Севоран препаратымен анестезия жасалғанын жеткізді.
«Алдыңғы процедура да 3,5 сағаттан ұзаққа созылған еді, қызым анестезиядан кейін есін жимады. Сол кезде де күмән болған. Кейін Фармацевтикалық бақылау елеулі бұзушылықтарды анықтады», — дейді ол.
Әкесінің айтуынша, дәрігерлер баланың 20 тісінің 18-ін бірден емдемек болған. «Седация таңғы 09:10 шамасында басталды. 14:00-де әйелім хабарласып, бала оянбай жатқанын айтты. Жедел жәрдем келді, реанимация 40–45 минутқа созылды. Бірақ қызым оянбай қалды, жүрегі тоқтап, миы ісіп кетті», — деді Құмаров.
Ол фармацевтикалық бақылау қорытындысына сүйеніп, клиника алғашқы көмек көрсету кезінде заңсыздықтар жібергенін айтады. Клиника директоры Надежда Хон анестезиологтың оқиғадан кейін қызметтен кеткенін растады, бірақ стоматологтың әлі де жұмыс істеп жүргенін мойындады. «Біз анестезия маманың жұмыстан шығардық. Енді сараптама қорытындысын күтеміз», — деді ол.
Сотта болған анестезиолог Жұмағалиева журналистердің сұрақтарына жауап бермеді.
Адвокат Айтжанов сапаны бақылау департаменті мен сот сараптамасының анестезиолог пен стоматологтың кінәсін көрсеткенін айтты. «Алайда тек анестезиолог ғана тергелді. 18 тісті емдегісі келген стоматолог жауапқа тартылмады. Тергеу мен прокуратураның олқылығын көріп отырмыз», — деді ол.
Айтылған деректер бойынша:
– анестезиолог соңғы рет 2019 жылы біліктілік арттырған және балалар анестезиологиясында талап етілетін 7 жылдық тәжірибесі болмаған;
– клиникада мерзімі өткен және сертификатсыз дәрілер сақталған;
– ұзақ седация стандарттары бұзылған.
Отбасы мен адвокат жеке клиникалардағы ұзақ анестезия тәжірибесін қайта қарап, кішкентай балалардың тісін жаппай емдеу тәжірибесін тоқтатуды сұрайды. Олар барлық жауапты тұлғалардың жазалануын талап етіп отыр.
Анестезиологтың адвокаты сотқа келмегендіктен, тыңдаудың уақыты кейінге шегерілді.