Астанада мешітте намаз оқығаннан кейін ұйықтап қалған ер адамның ұялы телефонын ұрлаған күдікті жедел түрде ұсталды. Оқиға мешіттегі бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды kznews.kz.
Полицияның мәліметінше, оқиға таңғы уақытта болған. Ер адам таң намазын оқып болған соң, мешіт ішінде біраз уақыт демалмақ болып, ұялы телефонын жанына қойып, қуаттағышқа жалғаған.
Осы сәтті пайдаланған белгісіз азамат айналаға көз жүгіртіп, ешкімнің байқамай тұрғанына көз жеткізгеннен кейін телефонды алып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары бейнебақылау жазбаларын қарап, күдіктінің жеке басын анықтады. Сол күні 25 жастағы ер адам ұсталып, ұрланған телефон тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция азаматтарға қоғамдық орындарда бағалы заттарын қараусыз қалдырмауға және жеке мүлкінің қауіпсіздігіне мұқият қарауға кеңес берді.