Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте LRT бұрын айтылған мерзімінен ертерек іске қосылуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жеңіс Қасымбек LRT 30 қыркүйектен бастап тестілік режимде жұмыс істеп тұрғанын, ай соңына дейін барлық вагондар жеткізіліп, станциялардың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталатынын айтты.
«Біз бастапқыда тестілік режим 3 айдан 6 айға дейін созылады деп айтқан болатынбыз. Қазір алдағы бір-екі айдың ішінде бұл жұмыс толық аяқталып, LRT-ны толыққанды іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Қасымбек бұл шара Нұра және Есіл аудандарындағы көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бұған дейін Астана әкімдігінде болашақта жеңіл рельсті көлік қай аудандарда іске қосылатыны туралы айтылған болатын. LRT елорданың оң жағалауында да болады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Астанада LRT-ның тестілік сынағы жалғасуда. Қозғалыстағы құрамды қала тұрғындары байқап жүр.