Қазақстанда жүргізушісіз автокөліктерді енгізуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мамандар қазіргі уақытта мұндай көліктердің қалаларда қауіпсіз қозғалуын қамтамасыз ету үшін нормативтік-құқықтық актілерді жаңарту және инфрақұрылымды жетілдіру бағытында зерттеулер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Цифрлық даму министрлігінің хабарлауынша, жүргізушісіз автокөліктің пилоттық сынағы өткізіліп үлгерген. Сынақ барысында көлікті қысқы кезеңде, жол белгілері жоқ, төмен температурада және нақты қалалық орталарда тексерген. Астана мен Алматыдағы кейбір бағдаршамдар арнайы чиптермен жабдықталған, олар сигналдардың өзгерісін автокөліктерге жеткізеді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жүргізушісіз автокөліктердің нақты қашан жолға шығатыны әлі белгісіз екенін атап өтті. «Біз бұл жаңалықты әзірге жарияламаймыз, оны келесі жылға дайындап жатырмыз. Толық пилоттық режим іске қосылғаннан кейін нақты уақытын білетін боламыз. Бірінші сынақ адамдар автокөлікті үйренетін автоХҚКО аумағында өткізілді. Келесі жылы жүргізушісіз көліктер қаланың басқа учаскелерінде пилоттық режимде сынақтан өтеді», - деді ол.
Министрліктің хабарлауынша, жүргізушісіз автокөліктерге арналған инфрақұрылым жартылай дайын, бірақ кейбір техникалық және нормативтік мәселелер әлі шешуді қажет етеді.