Астанада Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекке тиесілі қымбат сағаттар коллекциясының ұрлануына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды. Оның мәліметінше, ұрлыққа 31 жастағы Нурболат есімді ер адам қатысы болуы мүмкін. Ол бұрынғы шенеуніктің көмекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген және үйдегі бағалы заттардың орналасуын білген.
Журналистің жазуынша, Байбек отбасы шетелге кеткен кезде күдікті қызметтік көліктен қосалқы кілттерді алып, үйге кірген. Ол түпнұсқа сағаттарды ұрлап, орнына көшірмелерін қалдырған.
Ұрланған бұйымдар арасында Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne маркалары бар. Коллекцияның алдын ала құны шамамен 90 млн теңге деп бағаланған. Дегенмен нақты сомасы сағаттардың моделі мен жағдайы сараптамадан кейін анықталмақ.
Үй иелері елге оралған соң сағаттардың ауыстырылғанын байқап, полицияға жүгінген.
Астана полициясы ұрлық фактісін растады. Ведомствоның мәліметінше, 31 жастағы күдікті ұсталған. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр.