Астанада Наурыз мейрамын жалпы қалалық деңгейде мерекелеу аясында Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Лу Бань шеберханасы әзірлеген пилотсыз автокөліктің демонстрациялық жүрісі өтті. Жобаның бағдарламалық қамтамасыз етуі мен маршруттық картасы толықтай шеберхана мамандары тарапынан әзірленген, деп хабарлайды kznews.kz.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Astana Innovations ұйымы ұйымдастырды. Бас демеуші ретінде Halyk Bank қолдау көрсетті.
Көрсетілім қалалық мерекелік алаңда өтіп, заманауи технологияларды кең аудиторияға таныстыруға бағытталған арнайы бағдарламаның бір бөлігі болды. Қала тұрғындары мен қонақтары жүргізушісіз көліктің жұмысын өз көздерімен көріп, оның қалалық ортада қолданылу мүмкіндіктерімен танысты.

Пилотсыз автокөлік Smart City инфрақұрылымына жасанды интеллект технологияларын енгізудің нақты үлгісін көрсетті. Атап айтқанда, навигациялық жүйелер, деректерді өңдеу және қалалық ортамен өзара әрекеттесу шешімдері ұсынылды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологиялар алдағы уақытта кезең-кезеңімен енгізіліп, оның ішінде пилотсыз такси қызметін іске қосу – интеллектуалды көлік жүйесін дамытудың маңызды бағыты болмақ.
Айта кетейік, 2026 жылы Наурыз мейрамы елімізде алғаш рет жаңа форматта — Digital Nauryz аясында өтуде. Бұл бастама Қазақстанда жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылымен үндесіп отыр.

Осындай жобалар ұлттық дәстүр мен заманауи технологияларды үйлестіре отырып, мерекені жаңа деңгейде атап өтудің үлгісін көрсетеді. Сонымен қатар, олар азаматтардың цифрлық шешімдермен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.