Астанада донорлық пен ағза трансплантациясы мәселесіне қоғам назарын аударуға бағытталған дәстүрлі Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру-фестивалі өтті. Биыл әлеуметтік маңызы бар шараға 7 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды kznews.kz.
Жүгіру EXPO аумағынан басталды. Қатысушылар Түркістан және Ақмешіт көшелері арқылы Abu Dhabi Plaza бағытына дейін жүгіріп, қайтадан бастапқы нүктеге оралды. Фестиваль бағдарламасы аясында 10, 3 және 1 шақырым қашықтықтар бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру-фестивалі 2018 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Фестивальге қызығушылық жылдан жылға артып келеді. 2024 жылы шараға 4 200-ден астам адам қатысса, 2025 жылы олардың саны шамамен 5 мыңға жеткен. Биыл жүгіруге 7 мыңға жуық адам қатысты.

Heart Center Foundation қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыровтың айтуынша, мұндай шаралар трансплантация мәселесін қоғамда ашық талқылауға мүмкіндік береді.
«Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру-фестивалі қоғам үшін өте қажет деп санаймын. Осындай жүгірістер арқылы біз мемлекеттік органдар мен тұрғындарға трансплантация мәселесінің бар екенін көрсете аламыз және салауатты өмір салты арқылы күрделі тақырып туралы сөйлесуге мүмкіндік аламыз. Қуантарлығы, трансплантация саласында оң динамика байқалады. Мысалы, 2022 жылы елімізде жүрек ауыстыру бойынша небәрі 2-3 ота жасалса, 2025 жылы 18 операция жасалды», – деді ол.
Сонымен қатар қор директоры Қазақстанда мәйіттік донорлық көрсеткіші әлі де төмен екенін атап өтті. Оның сөзінше, мәйіттік донордан ағза трансплантациялау негізінен еліміздің бір-екі ірі қаласында жүзеге асырылады. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде бұл бағыттағы жұмыс жеткілікті деңгейде дамымаған.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ағза трансплантациясын қажет ететін пациенттердің басым бөлігі донорлық бүйрек күтуде. Кезекте 4 208 адам тұр. Сонымен қатар 293 адамға – бауыр, 208 адамға – жүрек, 30 адамға – өкпе, тағы 5 адамға «жүрек-өкпе» кешенін трансплантациялау қажет.

Фестивальге трансплантациядан кейін жаңа өмір бастаған азаматтар да қатысты. Солардың бірі – Анар Шайсұлтанова. Оның айтуынша, денсаулығы жастайынан сыр беріп, 30 жасқа келгенде қос бүйрегі жұмысын тоқтатқан. 2018-2022 жылдары гемодиализ қабылдап, 2022 жылы мәйіттік донордан бүйрек трансплантациясы жасалған.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда ағза трансплантациясы бойынша 150 операция жасалды. Оның ішінде 108 бүйрек, 31 бауыр, 5 жүрек және 2 өкпе трансплантациясы бар.
Фестиваль барысында тұрғындарға ағза донорлығы мен трансплантацияның маңызы туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ шара концерттік бағдарламамен жалғасып, сахнада Орынхан, Мархаба Сәби, Бүркіт пен Аиша өнер көрсетті.

Жүгіру-фестивалінің аумағында қоғамдық-саяси сипаттағы көрнекіліктер де байқалды. Іс-шара өтетін аумақта Құрылтай сайлауына арналған баннерлер ілініп, тиісті жалаушалар желбіреді.