Астана қаласында 2027 жылы киберспорттан дүниежүзілік чемпионат өтеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан Киберспорт Федерациясы бұл оқиғаны еліміздің халықаралық киберспорт қауымдастығы алдындағы маңызды жетістік әрі әлемнің үздік құрамаларын қабылдауға жасалған үлкен қадам деп бағалады.
Халықаралық киберспорт федерациясының мәліметінше, тараптар Астана қаласында «World Esports Championship 2027» турнирін өткізу туралы ресми келісімшартқа қол қойды. Маңызды құжатты бекіту шарасына ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан Киберспорт Федерациясы серіктес ретінде қатысты.
Халықаралық ұйым бұл қадамды ынтымақтастық пен инновацияға негізделген ортақ болашаққа бағытталған маңызды кезең деп атайды. Ауқымды жарыс аясында Астана қаласы 150-ден астам мүше федерацияны қабылдайды. Әлемнің ең үздік киберспортшылары тек жеңіс үшін ғана емес, өз елдерінің абыройын қорғау үшін бақ сынайды.
Дүниежүзілік дода аясындағы жарыстар бірнеше танымал «Counter Strike 2», «Dota 2», «Mobile Legends: Bang Bang», «PUBG MOBILE», «eFootball» және «Tekken 8» ойындары бойынша ұйымдастырылады.
Федерация турнирдің нақты өтетін күндері, іріктеу кезеңдері, квоталар және жарыс регламенті бекітілген мерзімде қосымша жарияланатынын жеткізді.
Ұйымдастырушылар бұл чемпионат халықаралық серіктестікті нығайтып, киберспорт әлемін бірге дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімді.