Еліміздің екі қаласы Орта Азиядағы жалақы деңгейі бойынша көш бастады. Бұл туралы Numbeo деректерінде жария болды.
Биылғы 15 қыркүйектегі жағдай бойынша Астана мен Алматыда салықтан кейінгі орташа айлық табыс аймақтағы басқа астаналардан жоғары екені анықталды.
Рейтингтегі бірінші орында Астана тұр. Пл астанасындағы орташа таза айлық жалақы 872,35 долларды құраған. Бұл теңгеге шаққанда шамамен 390 149 теңге болады. Ал екінші орынға Алматы 857,88 доллар көрсеткішімен жайғасқан.
Мұнан кейінгі үшінші орында Өзбекстан астанасы Ташкент тұр. Мұнда орташа таза жалақы 763,39 доллар деңгейінде. Ал Қырғызстан астанасы Бішкекте бұл көрсеткіш 501,74 доллар, Тәжікстан астанасы Душанбеде 442,04 доллар болған.
Осылайша, Астана мен Душанбе арасындағы орташа таза жалақы айырмашылығы шамамен 430 долларды құрайды. Яғни, Қазақстан астанасындағы көрсеткіш Тәжікстан астанасынан екі есеге жуық жоғары.
Рейтинг бойынша Орта Азия қалалары бойынша көрсеткіштер төмендегідей орналасқан:
1. Астана, Қазақстан - 872,35 доллар.
2. Алматы, Қазақстан - 857,88 доллар.
3. Ташкент, Өзбекстан - 763,39 доллар.
4. Бішкек, Қырғызстан - 501,74 доллар.
5. Душанбе, Тәжікстан - 442,04 доллар.
Тоқетерін айтқанда, бұл деректер Қазақстандағы жалақы деңгейінің өңірдегі салыстырмалы жоғары позициясын көрсетеді. Сонымен қатар екі қаладағы көрсеткіштің бір-біріне жақын болуы елдегі еңбек нарығының негізгі экономикалық орталықтарға шоғырланғанын аңғартады.
Демек, ел билігі адам капиталын экономикалық өсудің негізгі факторларының бірі ретінде қарастырып келеді деп тұжырымдауға болады. Биыл бюджеттен әлеуметтік салаға 10,7 триллион теңге қарастырылған. Оның 6,8 триллион теңгесі әлеуметтік төлемдерге, тағы 3,9 триллион теңгесі адам капиталына инвестицияға бағытталған.
Дегенмен, Numbeo рейтингінің көрсеткіштері ресми мемлекеттік статистика емес екенін ескерген жөн. Бұл - пайдаланушылар ұсынған мәліметтерге негізделетін халықаралық деректер базасы. Сондықтан рейтинг қалалардағы нақты барлық жұмыскерлердің орташа жалақысын емес, салыстырмалы индикаторды көрсетеді.