Reuters: Ормуз бұғазы қайта жабылуы мүмкін
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Астана - Кабул арасы, біртұтас Азия даласы

Астана - Кабул арасы, біртұтас Азия даласы
Фото: ашық дереккөздерден

Кабулда өткен Қазақстан–Ауғанстан бизнес-форумы екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру мақсатын айқындады, деп хабарлайды kznews.kz.

Биылғы форумға Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Хаджы Нуриддин Азизи қатысты.

Іс-шарада агроөнеркәсіп кешені, машина жасау, химия өнеркәсібі, технология және IT салаларындағы елуден астам қазақстандық және ауғанстандық компаниялардың өкілдері өз жобаларын таныстырды.

Жалпы, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қатысуы бұл форумның тек бизнес алаңы емес, екі ел арасындағы ұзақ мерзімді экономикалық ынтымақтастықты қалыптастыру тетігіне айналғанын көрсетеді.

Шынымен де Қазақстан бүгінде Ауғанстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 541,8 миллион долларды құрады. Оның ішінде қазақстандық экспорт басым үлеске ие. Екі ел үкіметтері алдағы жылдары бұл көрсеткішті 3 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл қазіргі деңгейден шамамен 2,46 миллиард долларға артық немесе сауда көлемін 5,5 есеге ұлғайту деген сөз.

Ал Ауғанстан біз үшін 40 миллионнан астам халқы бар перспективалы нарық қана емес, сонымен бірге Орталық Азияны Оңтүстік Азиямен байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық дәліз болып саналады. Сарапшылардың бағалауынша, Оңтүстік Азия елдерінің жиынтық халқы 2 миллиард адамнан асады. Сондықтан Қазақстан үшін Ауғанстан бағыты жаңа нарықтарға шығудың стратегиялық мүмкіндігі ретінде қарастырылуда.

Соңғы жылдары еліміз Ауғанстанға негізінен бидай, ұн және азық-түлік өнімдерін экспорттап келеді. Кейбір жылдары Ауғанстанға бағытталған ұн импортының 60-70 пайызын қамтамасыз еткен кезеңдер де болған. Сонымен қатар құрылыс материалдары, металл өнімдері, мұнай-химия тауарлары және ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу көлемін арттыруға мүмкіндік бар.

Айтпақшы, Кабулдағы форум барысында тараптар тауар номенклатурасын кеңейту, логистикалық шығындарды азайту, сертификаттау рәсімдерін жеңілдету және электрондық сауда алаңдары арасындағы байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Бұл жерде біз үшін Трансауған көлік дәлізін дамыту мақсаты басымдыққа ие. Егер жоба жүзеге асқан жағдайда қазақстандық жүк Өзбекстан–Ауғанстан–Пәкістан бағыты арқылы Пәкістанның Карачи және Гвадар порттарына шығуға мүмкіндік алады екен. Сарапшылардың пікірінше, мұндай бағыт Қазақстанның теңізге тікелей шығу мүмкіндігін кеңейтіп, экспорттық логистиканы әртараптандыруға жол ашады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.