Саясат

Астана – армандар орындалатын қала

Астана – армандар орындалатын қала

Бүгін барша қазақстандықтар үшін ерекше күн – еліміздің жүрегі, тәуелсіз Қазақстанның бойтұмары саналатын Астананың туған күні! Биыл елорданың ресми түрде Астана мәртебесін алғанына тура 27 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қала аңызға айналған алпауыт шаһарға айналды. Sputnik Қазақстан елорданың тарихына үңіліп, назар аударарлық деректерді ұсынады.

Астананың “туған күніне” тарту

Тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай, ел астанасын оңтүстіктен республиканың орталығына көшіру туралы ұсыныс айтылды. Алайда бұл идеяны көпшілік күмәнмен қабылдады. Ол кезде елдің экономикалық жағдайы ауыр болатын: жалақы мен зейнетақы кешіктіріліп төленетін. Елорданы көшіруді “ақылға сыймайтын қадам” деп сынағандар аз болмады.

Дегенмен 1994 жылдың 6 шілдесінде Жоғарғы кеңес елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы қабылдады. Бұл шешім сол күні туған күнін атап өткен Президент Назарбаевқа өзіндік “сыйлық” ретінде қабылданды. Үш жыл ішінде барлық мемлекеттік құрылым жаңа астанаға көшіп барды.

1997 жылы 20 қазанда астананы ресми түрде көшіру туралы жарлыққа қол қойылып, 1998 жылы 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Ал 10 маусымда жаңа астананың халықаралық тұсаукесері өтті. Дәл осы күн елорда күні болып белгіленген еді. Кейінірек, 2016 жылы мерекені 6 шілдеге ауыстырып, оны мемлекеттік деңгейдегі мейрамдардың қатарына қосты.

Атауы бірнеше мәрте өзгерген қала

Астананың атауы да ел тарихымен бірге өзгеріп отырды. Тәуелсіздікке дейін бұл қала Ақмола, одан кейін Целиноград деп аталды. 1998 жылы – Астана, 2019 жылы – Нұр-Сұлтан, ал 2022 жылы қайтадан Астана атауы қайтарылды. Осылайша, соңғы 60 жылдың ішінде бұл қала бес түрлі атауға ие болып, тіпті Гиннестің рекордтар кітабына да енген.

Аудан саны артып, халқы еселеп өсті

1998 жылы Астанада небәрі екі аудан – Алматы мен Сарыарқа бар еді. Қазір елорданың құрамында алты аудан бар: Алматы, Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарайшық.

2025 жылдың 1 мамырындағы дерекке сәйкес, қала тұрғындарының саны 1,5 миллионнан асты. Ал 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Осыған сай әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін алдағы онжылдықта 120 мектеп, 170 балабақша мен 50-ден астам денсаулық сақтау мекемесін салу жоспарланған.

Айта кетейік, халық саны бойынша Астана Алматыдан кейінгі орында тұр. Алматыда қазір 2,2 миллион тұрғын бар.

Домбыра үнін тербеткен Астана күні

Биылғы Астана күні Ұлттық Домбыра күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Шілденің алғашқы жексенбісінде тойланатын бұл рухани мейрам елордалық мерекелік шаралардың мәнін арттыра түсті. 30 маусым мен 6 шілде аралығында қалада 100-ден астам мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz