Қазақстанда жүргізушілер жанармай сапасына жаппай шағымдана бастады. Кейбір көлік иелері АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін қозғалтқышта ақау пайда болғанын айтып отыр. Егер шағымдар ресми түрде расталса, еліміздегі жанармай құю бекеттерінде ауқымды тексерулер басталуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz NBK порталына сілтеме жасап.
Жүргізушілер неге шағымдануда?
NBK мәліметінше, осы аптада әлеуметтік желілерде бірқатар жанармай құю бекетінен бензин алғаннан кейін көліктерінде ақау пайда болғанын айтқан жүргізушілер көбейген.
Әсіресе жанармай сапасына сезімтал шетелдік көліктер туралы шағым жиі айтылып отыр. Audi, BMW, Porsche және басқа да марка иелері жоғары октанды бензиннің орнына сапасы төмен жанармай сатылуы мүмкін деген күдік білдірген.
Басылым дереккөзінің мәліметінше, АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін қозғалтқышында ақау пайда болып, сервис орталықтарына жүгінген жүргізушілер саны артқан. Алдын ала ақпарат бойынша, мұндай жағдайлар Астана, Алматы және Петропавл қалаларында тіркелген.
Жанармай құю бекеттері тексеріле ме?
Энергетика министрлігі NBK сауалына берген жауабында Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарында өндірілетін жанармай Кеден одағының 013/2011 техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келетінін мәлімдеген.
Министрлік мұнай өнімдерінің ішкі нарыққа тұрақты жеткізіліп отырғанын атап өтті. Алайда жанармай құю бекеттеріндегі отын сапасын бақылау Энергетика министрлігінің құзыретіне кірмейді. Бұл міндет Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне, сондай-ақ әкімдіктер жанындағы өңірлік штабтарға жүктелген.
Сауда және интеграция министрлігі жүргізушілерден ресми шағым түскен жағдайда жанармай құю бекеттерін тексеруге дайын екенін хабарлады. Ол үшін азаматтар Техникалық реттеу және метрология комитетінің аумақтық департаментіне өтініш беруі қажет.
Әрбір 11-ші сынама талапқа сай келмеген
Сауда және интеграция министрлігі жанармай құю бекеттерінде бензинді басқа марка ретінде сату мәселесінің бар екенін растаған.
Министрлік мәліметінше, биыл бақылау мақсатында сатып алынған жанармайдың әрбір 11-ші сынамасы мәлімделген октан санына сәйкес келмеген.
Мәселен, Қызылорда облысында АИ-92 бензинін АИ-95 ретінде сату дерегі анықталған. Ал Алматыда АИ-100 орнына АИ-99 сатылған.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданып, жалпы құны 5 млн 764,5 мың теңге болатын бензин партиясын сатуға тыйым салынған.
Айта кетейік, Қазақстанда жанармай бағасының өсу қарқыны да жеделдеген. Шілде айында жанармай құю бекеттеріндегі отын бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға қымбаттаған.