Алматы облысында өртенген күйі табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Сырт көзге тату, спортпен айналысатын әрі полиция қызметіндегі үлгілі отбасы ретінде көрінген Әлсеровтер шаңырағы бүгінде қоғамдағы ең резонансты істердің біріне айналды, деп хабарлайды kznews.kz.
Stan.kz тілшісі марқұмның бұрынғы әріптесі, экс-полицей Жігермен (аты өзгертілген) сөйлесіп, күдіктілерге тағылған айыпқа қатысты пікірін сұраған. Атап айтқанда, жасөспірім бала мен әйел адамның ер адамды өлтіріп, мәйітін қолын байлаған күйі қаладан 250 шақырым жерге апарып тастауы қаншалықты мүмкін екені туралы сауал қойылған.
Жігердің айтуынша, Аслан Әлсеровтің жұбайы бұрын спортпен айналысқан. Ол Ішкі істер министрлігі жүйесінде күрестен жүлделі орындар алғанын айтады. Сондықтан экс-полицей күдіктілерді әлсіз немесе қорғансыз адамдар деуге келмейтінін жеткізді.
"Оның жұбайы кезінде спортпен айналысқан. Ішкі істер министрлігінің жүйесі бойынша күрестен жүлделі орындар алған. Сондықтан оларды әлсіз немесе нәзік адамдар деуге болмайды. Ал оларға тағылған айыпқа келсек, меніңше, мұның бәрі тергеу барысында дәлелденген", – дейді Жігер.
Экс-полицейдің сөзінше, марқұмды өзіне тиесілі Chevrolet Onix көлігімен алып кеткен болуы мүмкін. Ол бұл іске қатысты жанармай сатып алу және жанармай құю бекетіндегі бейнекамера жазбалары туралы естігенін айтты.
"Естігенім бойынша, осы үшін 38 литр жанармай сатып алған, жанармай құю бекетіндегі бейнекамералар оларды түсіріп алған. Егер оны басқа адамдар өлтірсе, полиция қызметкерлері оның отбасын негізсіз айыптай қоймас еді", – деді бұрынғы әріптесі.
Жігер қайғылы оқиғаға отбасылық жанжал себеп болуы ықтимал екенін де жоққа шығармайды. Оның пікірінше, балалар анасына араша түсуге тырысқан болуы мүмкін.
"Мүмкін, отбасында жанжал болған шығар. Балалары анасына араша түсуі мүмкін. Мысалы, ұлы жанжал кезінде анасын қорғауға тырысқан шығар. Мен Асланды өз басым сабырлы адам әрі кәсіби маман ретінде таныдым", – дейді ол.
Сонымен бірге экс-полицей отбасында зорлық-зомбылық көрсетуі мүмкін адамдар мұны сырт көзге байқатпауы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, кейбір отбасылар сырттай үлгілі көрінгенімен, ішкі жағдайды жақын маңдағы адамдардың өзі толық білмеуі мүмкін.
"Дегенмен отбасында озбырлық көрсететін адамдардың көбі мұны сырт көзге білдірмейді. Сондықтан айналасындағылар оларды үлгілі отбасы деп қабылдауы мүмкін", – деді Жігер.
Бұрынғы әріптесі құқық қорғау органдарындағы медициналық және психологиялық іріктеу жүйесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі тексеріс адамның психологиялық жай-күйін толық анықтай алмайды.
"Медициналық комиссия бәрін анықтайтын көрсеткіш емес. Ал психологиялық тестке, яғни кәсіби-психологиялық іріктеуге келсек, онда бір сұрақты он түрлі тәсілмен қайта-қайта қояды. Мысалы, "Егер ақша салынған әмиян тауып алсаңыз, не істер едіңіз?" деген сияқты қарапайым сұрақтар. Сондықтан бұл тестке толық сенуге болмайды. Меніңше, оны психикалық ауытқуы бар адамның өзі де өте алады", – дейді экс-полицей.