Әлеумет

Асхат Аймағамбетов МӘМС туралы: Мәселе – мемлекеттің өз міндеттемелерін толық орындамауында

Асхат Аймағамбетов МӘМС туралы: Мәселе – мемлекеттің өз міндеттемелерін толық орындамауында

Оның сөзіне қарағанда, жүйе жаман емес, бірақ оны жүзеге асыру жағы ақсап тұр.

«Жалпы МӘМС деген жүйе – әлем бойынша бар нәрсе. Көптеген дамыған мемлекеттерде қолданылады. Бірақ идеалды жүйе мен бізге қажет жүйенің арасында үлкен айырмашылық бар. Өкінішке қарай, бізде осы жүйені нақты Қазақстанға енгізгенде біраз кемшіліктер кетті. Соған байланысты бүгін ол теңгерімсіз болып тұр. Тепе-теңдік жоқ. Оған құйылып жатқан қаражат пен өзінде бар қаражат арасында да теңсіздік бар», – деді депутат.

Оның айтуынша, халық тарапынан қойылып отырған басты сұрақ та осы.

«Азаматтар ай сайын өз жалақысынан ақша төлейді. Бірақ ауруханаға барса, сол емді дер кезінде ала алмайды. Ал егер қалтасынан қосымша төлесе, бес минутта КТ-дан, МРТ-дан өте алады. Мысалы, аппарат бос тұр, адам да көріп тұр. Бірақ МӘМС бойынша барса, оған "екі айдан кейін, үш айдан кейін келесіз" дейді. Неге олай? Міне, осы сұраққа жауап керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, мәселенің түп-төркіні мемлекеттің өз міндеттемелерін толық орындамауында.

«Алдыңғы жылы жарты триллионға жуық қаржы бюджеттен бөлінуі тиіс еді. Бізде оннан астам санат бар – балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар азаматтар, жұмыс істемейтін топтар. Олар өздері жарна төлемейді, ол үшін мемлекет төлеуі керек. Бірақ мемлекет орташа жалақыдан емес, медиандық жалақыдан төлеп отыр. Соған байланысты жылына шамамен 300 миллиард теңгедей қаржы МӘМС-ке түспей қалып жатыр. Бұл – қарыз. Оның өзін дұрыс төлей алмай отыр. Сондықтан қорда қаражат жетіспейді. Ал ол жетіспегеннен кейін ауруханалар тиісті қаржыны ала алмай отыр. Оған ақша түспесе, қалай дәрігерге жалақы төлейді, реактив алады, жабдықты жаңартады?», – деді ол.

Аймағамбетов МӘМС жүйесінде ашықтық пен цифрландырудың жоқтығын да атап өтті.

«Жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, приписка көп. Цифрландыру жоқ. Бізге жыл сайын: «әне, міне үш айдан кейін, төрт айдан кейін енгіземіз» деп айтылып келеді. Бұл сөзді он жылдан бері естіп келеміз. Бірақ нәтиже жоқ», – деді депутат.

Ол халықтың ашуын тудырып отырған түйткілдерді жасырмай айту маңызды екенін жеткізді.

«Бүгінгі ең үлкен мәселе – жүйедегі теңгерімсіздік. Қаражаттың уақтылы бөлінбеуі, министрліктің өз міндетін толық орындамауы, қор ішіндегі тәртіпсіздік. Халық «мен неге төлеймін де, дер кезінде қызмет ала алмаймын?» деп сұрайды. Бұл өте әділетті сұрақ», – деді Аймағамбетов.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz