Аша Матай Instagram парақшасында нағашы атасы Мақсат Зайлағиұлы Мұхитденовке арнап ас беріліп жатқанын жазған. Әншінің айтуынша, бұл шара туралы алдын ала білмегендіктен, сол күнге басқа жоспар құрған.
Алайда ол отбасы мен жақындарына көңіл бөлуді маңызды санап, концертке алған билеттерін құрбысына берген.
"Бүгін нағашы атам Мұхитденов Мақсат Зайлағиұлына әжеміз ас беріп жатыр. Шакираға бара алмайтын болдым. Алдын ала білмегендіктен, жоспарым басқаша еді. Бірақ приоритет деген бар ғой, таңдауға келгенде билеттерімді құрбыма бере салдым. Алла атамыздың жатқан жерін жайлы, топырағын торқа, иманын жолдас етсін. Әжемізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық берсін. Берілген ас қабыл болып, атамыздың рухына бағышталған дұғалар қабыл болсын", – деп жазды өнер иесі.
Аша Матай әжесінің сағынышы туралы айтты
Әнші жазбасында өмірлік серігінен айырылған әжесінің көңіл күйіне де тоқталған. Оның айтуынша, арада уақыт өтсе де, әжесінің марқұм жарына деген сағынышы басылмаған.
"Басына бардым, сөйлессем – үндемейді…" деген әжемнің бір ауыз сөзінің өзінде қаншама сағыныш, қаншама мұң жатыр… Жүрегі сағынған жанын іздейді, көңілі бір ауыз жауабын күтеді. Шынайы махаббат деген осы шығар… Уақыт өтсе де, сағыныш басылмайды, жүректегі орны ешқашан өзгермейді", – деп жазды Аша Матай.
Өнер иесі әжесінің осы сөздері өзін ерекше толқытқанын жеткізіп, жақын адамнан айырылғаннан кейінгі сағыныштың уақыт өте де жоғалмайтынын атап өтті.