Айыпталушы Ернар Жиенбай шенеунікке бес рет оқ атқан. Куәгерлер қатарында алғашқы медициналық көмек көрсеткен екі бойжеткен мен Берденовтің жүргізушісі Мейрамбек Қалымбетов бар.
Куәгер Арайлым Қамытбектің айтуынша, ол оқиға кезінде құрбысымен әкімдік маңындағы автотұрақта TikTok видеосын түсіріп жатқан.
«Әкімдік ғимаратынан 2-3 адам шыға бергенде бірден оқ атылды. Полицияға дереу қоңырау шалдым. Сосын тағы бірнеше рет оқ естілді. Сол сәтте классикалық костюм киген адам (Берденов) жүгіріп жүрді, ал екінші адам (Жиенбай) оны қуалап келе жатты», – деді ол сотта.
Берденовтің жүргізушісі Мейрамбек Қалымбетов қылмыс кезінде көлікте отырған. Ол бастапқыда не болғанын түсінбей қалғанын айтып, кейін күдіктіні көлікпен соққанын мәлімдеді.
«Көліктің сол жағында бір адамның оқ атып жатқанын көрдім. Көлік өздігінен жүріп, жиекке барып тоқтады. Олар алысып жатқанда, мен рөлге қайта отырып, Жиенбайды соқтым. Себебі Руслан Арысбекұлын өлтіріп тастай ма деп қорықтым. Одан кейін ол құлап түсті де, қайта тұрып, қашып кетті», – деді Қалымбетов.
Жүргізуші мен куәгер қыздар оқ жарақаты алған Берденовке алғашқы көмек көрсеткен. Олар галстукті таңғыш ретінде пайдаланып, қан кетуді тоқтатуға тырысқан. Вице-әкім сол сәтте асфальтта дұға оқып жатқан.
Оқиға орнына кездейсоқ тап болған полиция қызметкері Жанат Айтбаев Жиенбай мен жүргізушінің төбелесін көріп, қарулы күдіктіні жерге жығып, тұтқындаған. Кейін оған әкімдік күзетшілері көмектескен.
Қазір сот процесі жалғасуда. Қылмыстық істің мән-жайы толық анықталған соң, үкім шығарылмақ.