Солтүстік Ирландияның Антрим қаласында тұратын 32 жастағы Сара-Джейн Кроуфорд арықтауға арналған Wegovy дәрісінің салдарынан денсаулығында асқынулар болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz Daily Star басылымына сілтеме жасап.
Әйел инъекция курсін 2024 жылдың тамызында бастаған. Ол кезде салмағы шамамен 125 келі болған. Кроуфорд 2025 жылдың қарашасына жоспарланған үйлену тойына дейін арықтауды мақсат еткен.
Оның айтуынша, алғашқы апталар айтарлықтай қиындықсыз өткен: тәбеті азайғанымен, салмақ өзгермеген. Кейін ол препараттың дозасын арттырған, оған бірнеше жүз фунт стерлинг жұмсаған.
Алайда шамамен 12 аптадан кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Іштің жоғарғы бөлігінде қатты ауырсыну пайда болып, құсу, жайсыздық мазалаған. Ауырсыну соншалықты күшейгендіктен, ол қозғала алмай қалған.
Сонымен қатар ерекше белгі байқалған — тілінің түсі қарая бастаған. Әйелдің айтуынша, бұл ауыздан жағымсыз иіспен, әсіресе күкірт иісті кекірумен және ащы тағамға сезімталдықпен қатар жүрген.
Осыдан кейін Кроуфорд Антрим аудандық ауруханасының жедел жәрдем бөліміне жүгінген. КТ және МРТ тексерістері өт жолын бітеп тұрған бірнеше өт тастарын анықтаған. Бұл асқынуларға әкелуі мүмкін болған. Сондай-ақ дәрігерлер оған дивертикулит — тоқ ішек қабырғасындағы томпаймалардың қабынуын диагностикалаған.
Әйел препаратты қолдануды тоқтатып, 2025 жылдың ақпанында өт қабын алу операциясынан (холецистэктомия) өткен. Оның айтуынша, операция шамамен бір сағатқа созылып, кейін жағдайы біртіндеп жақсарған.
Препаратты тоқтатқаннан кейін белгілер жойылған: тілінің түсі қалыпқа келген, жалпы жағдайы түзелген. Кроуфорд салмақ жоғалтудың бір бөлігін препаратпен емес, ауруымен байланыстырады.
Ұлттық биотехнологиялық ақпарат орталығының мәліметінше, Wegovy құрамындағы семаглутид ас қорыту процесін баяулатуы мүмкін. Бұл ауыздың құрғауына, жағымсыз иіске және күкірт иісті кекіруге әкелуі ықтимал. Кей жағдайларда тілдің қараюы да байқалады.
Өндіруші — Novo Nordisk компаниясы — өт-тас ауруы препараттың ықтимал жанама әсерлерінің бірі екенін атап өткен. Клиникалық зерттеулерде семаглутид қабылдаған семіздікпен ауыратын науқастардың 1,6%-ында өт-тас ауруы, ал 0,6%-ында өт қабының қабынуы тіркелген.
Мамандар арықтауға арналған мұндай препараттардың барлығына бірдей әсер етпейтінін және нәтижесі әр адамның ағзасына байланысты екенін ескертеді.