Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштерін жаңғырту және Қорғаныс министрлігінің жұмысын түбегейлі өзгерту қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты мен Қорғаныс министрлігіне әскерді реформалауға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.
Президенттің айтуынша, қазіргі армия заман талабына сай өзгеріп, басқару жүйесі халықаралық озық тәжірибеге негізделуі керек.
«Жақында Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери салада атқарылатын басым міндеттерді айқындадым. Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офицерлердің ғана қолынан келеді. Реформаның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қарулы күштерде цифрлық трансформацияны жеделдетіп, мүмкіндік болған жағдайда адам еңбегінің бір бөлігін заманауи технологиялармен алмастыру қажеттігіне назар аударды.
«Әскерді дамытудың жаңаша тәсілдері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес», – деді Президент.
Мемлекет басшысы жаңа Қорғаныс министрінің алдына да бірнеше шұғыл міндет қойды. Соның бірі – қорғаныс саласына бөлінетін бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету.
«Бөлінген қаржы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, барынша нәтиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Екінші бағыт – қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы күштерді қайта құру. Осыған байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалауға арналған арнайы жоспар әзірлеуге тиіс.
Президент әскери кадрларды іріктеу жүйесіне де өзгеріс қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мамандарды тағайындау мен бағалауда ашық әрі түсінікті талаптар болуы керек.
«Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білікті кадрлар ұсынылуға тиіс», – деді Президент.
Үшінші міндет ретінде әскердегі идеологиялық және тәрбие жұмысына басымдық беру белгіленді. Бұл бағыт Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтарына негізделуге тиіс.
Сонымен бірге әскери қызметшілерге әлемнің әскери тарихын, қазақ халқының және өзге елдердің рухани-мәдени жетістіктерін кеңінен таныстыру қажеттігі айтылды. Президент армия кәсіби даярлық пен білім беретін, сонымен қатар отаншылдық рухты қалыптастыратын орта болуы керегін атап өтті.
«Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев әр әскери қызметшінің өмірі мен қауіпсіздігі басты орында тұруы керегін де атап өтті. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары әскери қызмет және қызмет барысында ерекшеленген сарбаздар мен офицерлер туралы объективті ақпарат таратуы қажет екенін айтты.
Президент реформаны көлемді тұжырымдама немесе ұзақ жол картасына айналдырмай, нақты әрі түсінікті кезеңдерге бөлуді тапсырды. Әскерді реформалау жөніндегі жоспар қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралмақ.
Әскердегі өзгерістерді үйлестіру міндеті Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына жүктелді.