Әлеуметтік желіде жасанды интеллект арқылы жасалған қазақ қызының суреті көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды kznews.kz.
Желіде тараған жазбада автор өзін NASA-да астронавт атанатын алғашқы қазақ қызы ретінде таныстырып, “Ура! Мені құттықтаңыздар. Мен NASA-да астронавт атанатын алғашқы қазақ қызымын! Арманым орындалды” деп жазған.
Алайда желі қолданушыларының бір бөлігі бұл посттағы ақпараттың шынайылығына күмән келтіріп, суреттің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын айтады. Мамандар да соңғы кезде AI арқылы жасалған фото мен видеолардың көбейгенін, мұндай контенттің эмоцияға әсер етіп, тез таралатынын жиі ескертеді.
Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстар қатар жүріп жатыр: Үкімет 2024–2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын бекіткен. Құжатта экономика салаларына ЖИ енгізу, кадр даярлау және экожүйе қалыптастыру секілді бағыттар көрсетілген. 2026 жыл да елде “Цифрландыру және жасанды интеллект жылы” деп жарияланып, технологияларды барлық салаға енгізу басты басымдық ретінде аталды.
Сонымен бірге ЖИ-ді дұрыс қолдану мәдениетін қалыптастырудың маңызы артып келеді. 2026 жылғы 18 қаңтардан бастап Қазақстанда “Жасанды интеллект туралы” заң күшіне еніп, синтетикалық контентті міндетті түрде таңбалау талабы енгізілді. Пайдаланушы материалдың ЖИ көмегімен жасалғанын немесе елеулі өңделгенін білуі керек.