Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жоламан Бошалақ өмірден өтті. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының баспасөз қызметі жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жоламан Бошалақ 1943 жылы Атырау облысы Ембі ауданының Тұрғызба ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдап, кейін Алматы жоғары партия мектебінде білім алған.
Еңбек жолын Шевченко, қазіргі Ақтау қаласында жаңадан құрылған Маңғыстау облыстық телевизиясында бастаған. Мұнда аға редактордан бас редакторға дейін көтеріліп, өңірдегі алғашқы кәсіби тележурналистердің бірі болды.
Әр жылдары облыстық «Коммунистік жол» газетінде бөлім меңгерушісі, Мұнайлы аудандық «Мұнайлы жаңалығы» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары және облыс әкімінің баспасөз хатшысы болды.
Сондай-ақ «Маңғыстау» облыстық газетінің бас редакторы қызметін атқарып, кейін «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі ретінде 11 жыл еңбек етті. Осы кезеңде өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени өміріне қатысты көптеген материал жазды.
Жоламан Бошалақ қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері туралы танымдық мақалалар мен очерктер жазған. Оның еңбектерінің қатарында «Әке туралы сөз», «Екі халық – бір тағдыр» және басқа да туындылар бар.
Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ оқырман қауымға көңіл айтты.