Әлеуметтік желіде ақын-жазушыларды мемлекеттік қолдауға қатысты пікірталас тудырған жазба жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Facebook қолданушысы Нәзия Жоямергенқызы өз жазбасында мемлекеттік бюджет есебінен кітап шығару мен қаламақы төлеуге, сондай-ақ кейбір ақын-жазушыларға әлеуметтік жеңілдіктер беруге қарсы екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, егер қаламгер шын мәнінде мықты болса, өз еңбегін нарықта сата алуы тиіс. Автор қарапайым халықтың салығы есебінен оқырманы жоқ кітаптарға қаржы бөлінбеуі керек деп санайды.
— Мықты болсаңдар, мықты кітап шығарып, сатыңдар, пайда табыңдар. Ал халықтың ақшасына ешкім оқымайтын кітаптарды шығарып, гонорар беруге қарсымын, — деп жазды ол.
Сонымен қатар, жазба авторы өзін «зиялы қауым» немесе «халықтың өкілі» деп атайтын, бірақ қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қоса алмайтын қаламгерлерді сынға алды. Оның пікірінше, шынайы ақын-жазушылар билік пен қоғам алдындағы мәселелерді ашық айтуы тиіс.
— Шын ақын-жазушылар «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымда болуы керек, — деді ол.
Автор өз жазбасын бұрмалап, арандатуға тырысқандарға да жауап қатып, азаматтық ұстанымы бұрыннан қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекет тарапынан ақын-жазушыларға кезексіз үй беру тәжірибесіне де қарсы екенін жеткізді.
Жазбада мемлекеттік қолдаудың басым бөлігі мұғалімдер мен дәрігерлерге, табысы төмен отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың аналарына бағытталуы қажет екені айтылған.
Әлеуметтік желідегі бұл пікір қоғамда әртүрлі реакция туғызып, мәдениет пен әдебиетті мемлекеттік қолдау мәселесіне қатысты қызу талқылауға себеп болды.