
(Жазушы Әдіһам Шілтерхановтың рухымен сырласу)
Қанша қашықтасам да көңілден өшпейтін, жұмсара жалынсам да естеліктердің елес елінен бермен қарай көшпейтін жақсы күндерімді, жасыл жылдарымды сағындым. Бір түндіктің астында түтін түтетпесек те, ол кезде қасымда сегіз қырлы, сексен сырлы сіз барсыз. Жаратушы Жаббар Ием өзіңізді тоқсан төрт жасыңызда жалғанның жүрдек пойызынан Мәңгілік бекетіне түсірген соң, қайғымның қара тұманы қалыңдады. Сіз абыз едіңіз. Ана сүтін ақтадыңыз, сабырлылықпен ел сенімінен шықтыңыз. Адамгершілігіңізге, ар-ұятыңызға қылау қондырмадыңыз. Мазар басындағы таскерең тыныштық еңсемді езіп, Қасым Аманжоловтың «Күзетіп екі дүние босағасын, Мүлгіген мылқау, меңіреу тұрар бейіт» дегенін іштей қайталадым. Содан соң Нәмет Сүлейменовтің «Туған жер» өлеңінің төрт тармағы жадымда жаңғырықты: «Таңым да сенде атады, Күнім де сенде батады. Өлсем де мені жер-анам, Құшақтап сүйіп жатады».
Ұлы Отан соғысы басталғанда бозым екенсіз. Боздақтарды бордай етпекке бораған оқтан бетіңіз қайтпапты. Қырмызы қызыл жібектей бозбалалығыңыз қан кешіп, майданда мертігіпті. Кітаптарыңыздан көз жеткізгенмін. Қиян-кескі ұрыстың қиянатты шетін жолдарындағы алмағайып қатерлермен қыспақтасқан, оттай орақшы, жаудай қарақшы, қабағы қатыңқы, түсі суық уақыттағы буыны бекімей шығынға шыққан жастық шағыңыз туралы айта бермейтінсіз. Қазбалап сұрап ем:
Енді өзім байқаған жәйттердің басын қайырайын. Кейбіреулердің сүреңсалғыштығы, білгішсымақтардың жұттан шыққан жұрындай білгірсуі біртоға мінезіңіздің, ұлағатты ұстанымыңыздың уысында сығымдала сұйылып, сүт пісірімге жетпей-ақ сүмеңдейтін. Суырыла сөйлеген сәттеріңізде сужұқпастар қанын ішіне тарта сұрғылттанатын. Алатаудай айбыныңызбен жүгенсіз жұлымырлардың, айтқанға көнбейтін, жөнге жүрмейтіндердің талайын жұлындай ұшырдыңыз. Орынсыз жерде желімдей жабысатындардың желігін ерніңіздің емеурінімен бастыңыз. Бұлғақ құйрыққа салынатын алдамыштардың алқымынан алмасаңыз да, орағыта омыраулаған әңгімелеріңізбен апшысын қуырып, тәубесіне түсіретінсіз. Кез келгеннің керегесін кертуге даяр кердең мойын есірікті талға таңбасаңыз да, кесімді сөзіңізбен сүйегі терісіне жабысқан кесік құлақ құлға айналдырғандай майрылтып, өз есінің есігінде тірідей өлтіргеніңіз де есімде. Өңеш соза өзеурегеніңізді, дауыс көтергеніңізді байқамаппын. Қарапайым сөздің өзін ішкі қуатыңызбен нұрландырып жіберетінсіз.
…….
(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)
Қазақ әдебиеті