Ақтөбеде қолайсыз ауа райы салдарынан бірқатар нысанға зақым келіп, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті, деп хабарлайды kznews.kz.
«Қазгидромет» мәліметіне сәйкес, қалада соққан дауылдың жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетіп, нөсер жаңбырмен қатар жүрген. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан бірнеше ғимараттың шатыры ұшып, ағаштар құлаған.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, қатты желден екі көпқабатты тұрғын үй мен бес жеке баспананың шатыры бүлінген. Қазіргі уақытта зақым көлемін анықтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Дауылдан кейін көшелерді тазалау жұмыстарына 10 мердігер ұйымның қызметкерлері мен арнайы техника тартылды. Мамандар Астана ауданындағы 9 және Алматы ауданындағы 7 учаскеде құлаған ағаштарды кесіп, аумақты ретке келтірумен айналысып жатыр.
Сонымен қатар электр желілерінде де ақаулар тіркелген. Осыған байланысты «Энергосистема» ЖШС күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп, жедел штаб құрды. Қаладағы жағдай тәулік бойы бақылауға алынған.
Қазіргі таңда Ақтөбенің бес ауданында, сондай-ақ Қурайлы мен Пригородный тұрғын алаптарында электр қуатын қайта қосу жұмыстары жүргізілуде. Мамандар апаттық жағдайларды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жою үшін қосымша техника мен қызметкерлерді жұмылдырған.
Жауапты мекемелер тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырып, ауа райына байланысты ресми хабарламаларды қадағалап отыруды ұсынды.