KZNEWS.KZ
Қоғам

Ақтөбеде мешіт қызметкері жасөспірімді ұрып-соқты деген айыппен сотқа тартылды

• Айжан Сыланова
Фото: ЖИ

Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешітінің 38 жастағы қызметкеріне қатысты кәмелетке толмаған жасөспірімге күш қолданды деген айып бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды kznews.kz.

Kriminal Kazakhstan таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға биыл ақпан айында тарауық намазынан кейін болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 15 жастағы жасөспірім досына көрсету мақсатында бөтен адамның кроссовкасын қолына алып, көп ұзамай оны қайтадан орнына қойған.

Алайда мешіт қызметкері бұл әрекетті ұрлық жасауға талпыныс деп қабылдап, оқушылардың біріне күш қолданғаны айтылып отыр.

Аталған оқиғаға байланысты мешіт қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, іс сот қарауына жолданған. Қазіргі уақытта сот тараптардың уәждерін тыңдап, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Әзірге іс бойынша түпкілікті сот шешімі шыққан жоқ. Қазақстан заңнамасына сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін айыпталушы кінәсіз деп есептеледі.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →