KZNews.kz
Жаңалықтар

Ақтөбеде күйеуін өлтірді деп айыпталған 37 жастағы әйел сот залында босатылды

Қайсар Қанат
stan.kz коллажы

Ақтөбеде күйеуінің өліміне байланысты айыпталған 37 жастағы Ксения Седова сот үкімі шыққаннан кейін бірден бостандыққа шықты. Әйел жеті ай бойы тергеу изоляторында қамауда болған, деп хабарлайды kznews.kz.

Сот барысында бастапқыда "Адам өлтіру" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс "Аффект жағдайында жасалған адам өлтіру" бабына қайта сараланды. Нәтижесінде сотталушыға рақымшылық жасалып, ол сот залынан босатылды.

Қайғылы оқиға өткен жылдың көктемінде болған. Отбасылық жанжал кезінде әйел күйеуіне пышақ сұққан. Кеуде тұсына тиген жарақаттардың бірі жүрегіне зақым келтіріп, ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Сараптама қорытындысы марқұмның оқиға кезінде алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. Іс бойынша үш рет сот-медициналық сараптама жүргізіліп, нәтижесінде әрекет аффект жағдайында жасалған деген қорытындыға келінген. Осыған байланысты қылмыстық іс қайта қаралған.

Жәбірленуші тарап 20 миллион теңге көлемінде өтемақы талап еткен. Алайда сот азаматтық талап арызды ішінара қанағаттандырып, айыпталушыны 5 миллион теңге моральдық зиянды, 378 500 теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттеді. Сонымен қатар заңды өкіл қызметіне жұмсалған 754 325 теңгені төлеу жүктелді.

Белгілі болғандай, сотталушы әйел медициналық мекемелердің бірінде әлеуметтік қызметкер болып еңбек еткен. Ол екінші күйеуімен екі жыл бірге тұрған. Алғашқы некесінен 12 жастағы қызы бар.

Сот барысында әйел ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтты. Оның сөзінше, күйеуі алкогольге тәуелді болып, жиі қол көтерген.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →