ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметке сәйкес, курсант парашютпен секіру кезінде өмірге сәйкес келмейтін жарақат алған.
– Жоспарлы оқу-жаттығу парашютпен секіру кезінде курсант өмірге қауіпті жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша, парашют ашылмай қалуы қайғылы жағдайға себеп болуы мүмкін, – делінген ведомство хабарламасында.
Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайын арнайы комиссия анықтайды.
Әскери институт пен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза болған курсанттың отбасына көңіл айтып, қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін, 9 шілдеде Астанадағы әскери авиация базасының аумағында қарумен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы салдарынан тағы бір әскери қызметші зардап шеккен еді.