Аймақ

Ақтөбе облысында оқушының жүктілігін дер кезінде анықтай алмаған дәрігерлердің барлығы жұмысынан босатылды

Ақтөбе облысында оқушының жүктілігін дер кезінде анықтай алмаған дәрігерлердің барлығы жұмысынан босатылды
Фото: freepik.com

Қазан айында Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлер мектеп оқушысының жүктілігін үш рет байқамаған соң тексеру бастады. Бұл оқиғаға байланысты облыс әкімі Асхат Шахаров есеп беру кездесуінде пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

«Бұл факт расталған. Біздің тарапымыздан комиссия құрылып, тексерулер жүргізуі тиіс болған мамандар қызметінен шеттетілді. Сондай-ақ бірқатар жауапты қызметкер, соның ішінде аудандық білім бөлімінің басшысы да қызметінен босатылды», - деді әкім.

Асхат Шахаровтың айтуынша, күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу мен тиісті сараптамалар жүргізілуде.

«Тергеу аяқталған соң нәтижесі қоғамға жарияланады», - деді ол.

Сонымен қатар әкім тергеуге араласуға құқығы жоқ екенін жеткізді.

Еске салсақ, 13 қазан күні өңірдегі мектептердің бірінде 9-сынып оқушысы босанған. Ол Ойыл ауданындағы орта мектепте оқиды және толық емес отбасының баласы. Барлық дәрігерлер мен жауапты мамандар жүктілік белгілерін үш рет байқамаған.

Бұған дейін Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушының босанғаны және баланың әкесі ретінде оның әжесінің күйеуі аталғаны туралы хабарланған еді.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz