Алматы қаласында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды алып кірудің кезекті әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жыл басынан бері осындай үш дерек тіркелген, олардың барлығы Алматы қаласындағы тергеу изоляторында орын алған.
Атап айтқанда, қысқа мерзімді кездесуге келген азаматшаның сөмкесін тексеру кезінде ұялы телефон табылған.
Тағы бір жағдайда, адам өлтіру ісі бойынша тергеу қамауында отырған күдіктімен кездесуге келген адвокат күртесінің қалтасына жасырылған ақшалай қаражатты алып кірмек болған.
Сонымен қатар, тағы бір адвокат тергеу қамауындағы азаматшаға келген кезде ақшалай қаражат пен құлаққапты заңсыз алып кіруге әрекет жасаған.
2025 жыл ішінде қала мекемелерінде осындай 11 дерек тіркелген. Оның тоғызы бойынша ескерту жасалған, бір әкімшілік іс тоқтатылған, ал бір дерек бойынша айыппұл салынған.
Көптеген профилактикалық түсіндіру жұмыстары мен ескертулерге қарамастан, жекелеген адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар режимдік аумақтарға тыйым салынған заттарды алып кіруге әрекет жасауды жалғастыруда.