Ирандық БАҚ Сауд Арабиясындағы әуе базасына жасалған шабуыл кезінде АҚШ-қа тиесілі ұшақ жойылуы мүмкін екенін хабарлады, деп жазады kznews.kz.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, сөз Boeing E-3 Sentry үлгісіндегі ерте радиолокациялық бақылау және басқару ұшағы туралы болып отыр. Деректер бойынша, әуе кемесі ханзада Сұлтан атындағы әуе базасына жасалған соққы кезінде ауыр зақым алған.
Желіде тараған суреттерде ұшақтың екіге бөлініп кеткені байқалады. Егер бұл ақпарат ресми түрде расталса, E-3 AWACS жүйесіндегі ұшақ алғаш рет әскери қақтығыста жойылды деген дерек тіркелуі мүмкін.
Boeing E-3 Sentry (AWACS) – әуедегі басқару орталығы қызметін атқаратын және қуатты радиолокациялық жүйемен жабдықталған ұшақ. Оның үстіндегі айналмалы радар төмен биіктікте ұшатын нысандарды анықтап, 400 шақырымнан астам аумақты бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл ұшақтар жойғыш авиацияның әрекетін үйлестіріп, нысаналарды дәл анықтауға, әуеде жанармай құю операцияларын басқаруға және әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.
Мамандардың бағалауынша, толық жабдықталған бір AWACS ұшағының құны шамамен 400-500 миллион доллар немесе одан да жоғары болуы мүмкін.