Әлем

АҚШ шабуылы кезінде 100-ден аса адам қаза тапқаны хабарланды

Torgyn Abushakhman Torgyn Abushakhman
АҚШ шабуылы кезінде 100-ден аса адам қаза тапқаны хабарланды
ашық дереккөзден

Венесуэла билігінің дерегінше, АҚШ-тың Николас Мадуроны тұтқындау операциясы кезінде 100 адам қаза тапты, тағы шамамен 100 адам жараланды, деп хабарлайды kznews.kz.

Ішкі істер министрі Диосдадо Кабельоның айтуынша, құрбандардың арасында үйлерінде ұйықтап жатқан бейбіт тұрғындар да бар. Бұл мәліметтер тәуелсіз дереккөздермен расталмаған.

Кабельоның сөзінше, Мадуро аяғынан жарақат алған, ал жұбайы Силия Флорес басынан соққы алып, дене жарақатын алған. Қазір екеуі де емделіп жатыр.

Каракас билігі 24 венесуэлалық сарбаздың қаза тапқанын хабарлады. Куба билігі Мадуроның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз еткен 32 қауіпсіздік қызметкерінің қаза болғанын мәлімдеді. АҚШ әкімшілігі ресми дерек жарияламады, ал америкалық БАҚ шамамен 75 құрбан туралы жазды.

3 қаңтарда АҚШ арнайы жасақтарының "Абсолютті шешім" операциясы барысында Мадуро мен жұбайы ұсталды. Олар алдымен Гуантанамодағы АҚШ әскери-теңіз базасына жеткізіліп, кейін Нью-Йоркке әкелінді. 5 қаңтарда алғашқы сот отырысы өтті.

АҚШ билігі Мадуроға "наркотерроризм", қару сақтау және дипломатиялық паспорттармен заңсыз сауда жасау айыптарын тақты. Ол Cartel de los Soles қылмыстық ұйымын басқарды деп күдіктелуде. Сондай-ақ, Мадуро мен оның отбасы Колумбиядағы есірткі картельдерімен байланыста болды деген айып тағылды. Мадуро бұл айыптарды жоққа шығарып, оларды Венесуэланың мұнай қорына қол жеткізуге бағытталған әрекет деп атады.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz